МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ

1858 жылы

Әкесі Көпей қыс ішінде Қызылтауға Ашамайтасқа көшіп келіп 4 жыл тұрады.

1858 қой жылы

Әкесі - Көпей марқұмның 42 жасында, анасы - Танашқызы Ұлбаланың 18 жасында Қызылтауда Ашамай тастың түбінде, ережеп айында, жұма күні Мәшһүр Жүсіп (азан шақырып қойған шын аты Адамжүсіп) дүниеге келген.

1861 жылы

Мәшһүр – Жүсіптің 3 жасында, Көпейдің 45 жасында Қызылтаудан «Тауық жұты» болып, мал қырылып, Баян қаласына көшіп келеді.

1861-1865 жылдары

Үй салынып біткенше Қызылағаш, Бұзаутас деген жерді мекен қылады. Ақын осы өскен жерін жиі есіне алып, өлеңіне арқау қылған.

1863 жылы

5 жасында Мәшһүр, Баянауыл қаласында Байжан деген хазіреттің ұйымдастыруымен ашылған медіреседе бала оқытып жатқан Нәжімеддин молдадан дәріс алады.

1864-1865 жылдары

6-7 жасында Баянаула, Қызылтауда өткізеді. Қызылтауда Төртуыл халфеден бір қыс оқып, Дүржанбай молда, Бибі деген әйел молдадан сабақ алады.

1866 жылы

8 жасында Қамар (Қамараддин) хазіреттен дәріс алады.

1866-1867 жылдары

8 - 9 жасына қараған шағында Шорманның Мұсасы Жүсіпке «Мәшһүр» деген атты қосақтаған. Сөйтіп, осы кезден бастап Мәшһүр – Жүсіп атанды.

1866-1872 жылдары

Мәшһүр Жүсіп Қамар хазіретке 8 жасында кездескеннен 15 жасқа дейін 7 жыл рухани жолдасы болады. Өзбетімен білімін жетілдіреді. Дінге, ғылымға ден қояды. Атбасар, Қызылжар маңын жайлайтын Алтай, Қуандық, Тоқа елдерін аралап, халықтың ауыр тұрмысын көріп, қайғы - мұңымен танысып, ортақтасады. Өлең жазады.

1873 жылдары

15 жасында Мәшһүр Жүсіптің Түркістан, Ташкент жаққа сапарға жолы түседі. Сол жылдары Бұхарға барып «Көклән» медіресесінде білімін жетілдіреді.

1874 жылы

16 жасында Әкімбек деген бай жалғыз баласы Қабылбекті оқытуға алып кетеді.

1874-1876 жылдары

Әкімбектің қолында 2 жыл тұрып ұстаздық қылады, бала оқытады.

1877-1887 жылдары

Ақын Сарыарқаның барлық жерлерін аралап, бай мағұлымат (ауыз әдебиетін) жинайды.

1881 жылы

В.В. Радловпен кездеседі.

1887 жылы

29 жасында екінші рет Бұхар, Ташкент, Түркістан жаққа барады.

1889-1890 жылдары

«Дала уалаяты» газетіне үзбей мақалалар жазып тұрады. Өлең және дастандарын жазады.

1891 жылы

Қазан, Омбы, Томбы, Семей жақтарын аралайды.

1895 жылы

37 жасында үшінші рет Орта Азияға сапарға шығады.

1900-1903 жылдары

1967-1968 жылғы «Жаңа низамға» өзінің пікірін айтып, толықтырулар ұсынады. Орыс демократиялық төңкеріске көзқарасын білдіреді.

1902 жылы

Абай мен хат алысады.

1907 жылы

«Қанды жексенбіні», «Манифесті» айыптап өлең жазады. Тұңғыш рет Думаға депуттатар сайлау жөнінде және мұсылмандардың басын біріктіру туралы идея көтереді. Қазақ өмірінің тарихынан, орыс империясының отаршылдығын әшкерелеп «Сары арқаның кімдікі екендігі?» - деген саяси өлең жазады.
Қазан жандармеясы ақынға іс қозғап 2 – статьямен сотқа тартады.
49 жасында төртінші рет Орта Азияға сапарға шығады.

1907 - 1916 жылдары

Мәшһүр – Жүсіп елден қашып кетуге, уақытша бой тасалап жүруге мәжбүр болады.

1911-1914 жылдары

«Айқап» журналына мақалалары өлеңдері жарияланып тұрады.

1917-1923 жылдары

Aқпан, қаңтар төңкерісін, қызылдардың қырғынын көреді. Кеңестің түбі құрыйтынын болжап өлең шығарады.

1921 жылы

Ортаншы ұлы Әмен Ташкентте төңкерістің құрбаны болады (1916 жылғы көтерілістің басы қасында болған, кейіннен Ғани Мұратбаевпен бірге жүрген).

1922 жылы

Әмен ұлының басына бармақшы болып жиналып, ақ пен қызылдың қырғын соғысының салдарынан бара алмай қалады.

1923-1928 жылдардағы

Колхоздастыру кезеңінің қателігін айыптап, өлең шығарады.

1929-1931 жылдардағы

Аштықты көзімен көреді, жүрегі аурады

1931 жылы

17 қарашада «Ескелді» деген жерде дүние салды.


Алланың қаһарынан рахматы көп,
Күн бұрын таусылмайық біз уайым жеп.
Жалғанды қызықпенен өткізейік,
Құрайық әрбір түрлі әңгіме кеп.

Біз үшін жаратыпты бұ жалғанды,
Демейді онша жақсы құр қалғанды.
Жаратқан пендесіне тәңірім қорған,
Қылып өт, бозбалалар, ойға алғанды.






Өнерге өзіңді-өзің ерте баулы,
Жастықтың бір күн көшіп кетер ауылы!
Қауіп-қатерсіз, қайғысыз болам десең,
Араз боп еш адаммен болма даулы!
«Қалмасын жерде - десең – айтқан сөзің»,
Өзіңнің өз бойында болсын көзің
«Сөзіммен халқым амал қылсың!» - десең
Амал қыл өз сөзіңмен әуел өзің!






Әр істі ойлау керек әуел бастан,
Не пайда өнері жоқ жігіт жастан.
Мәз болма мұнарланып көрінгенге,
Кісі жер жемісі жоқ тау мен тастан.

Дос қой деп ішкі сырын түгел айтып,
Опық жеп жүрген жан көп аңдамастан.
Бір өрттен қалмайтұғын қалың қаудай,
Баянсыз бақ-дәулетке болма мастан






Нәпсінің кім құтылар хайласынан,
Залалы асып кетер пайдасынан.
«Білімді, зерек адам болам!» - десең,
Қара өзінді басқаның айнасынан!

Егер де ісі жақсы, болса ұнамды,
Талап қып зор жаһатпен бас қадамды!
Айна қыл өзінді – өзің түзетуге –
Бұл жүрген жақсы-жаман көп адамды.






Ғибрат ал-атқан таң мен батқан күннен,
Шықпассын, адам болсаң, айтқан жөннен.
Басыңа қайғы келсе, қапа болма,
Тарылып, назаланып шықпа діннен!

Болмайды: түн – күндізсіз, күндіз – түнсіз,
«Ай кірсіз, - деген сөз бар – Құдай мінсіз!»
Шаттық пенен қапалық кезек нәрсе,
Бірінен соң – бірі бар – артық – кемсіз!






Болдық малай қарынға бір парамыз,
Жан пайдасын білмеген – жүзқарамыз!
Он шынжырмен бір итті байлай алмай,
Өмір бойы әуре боп біз барамыз!

Таң атса, жатамысың ұйықтап бақытым,
Менің де таянған-ды жүрер уақытым!
Қолымда – аттанарда – жоқ нәрсені,
Барғанда Тәңірі алдына қайдан таптым?!






Өтірік өрттей лаулап жанып жатыр,
Ессіз жұрт көбелектей барып жатыр!
Бірін – торғай, біреуін бөдене ғып,
Өзімен-өзін жаулап алып жатыр.

Сеңгір-сеңгір таулар бар, бұлағы жоқ,
Қопалы көл-жекен мен құрағы жоқ.
Өңшең «үрген қарынға» душар болдық:
Зарлап тұрсаң, еститін құлағы жоқ!



Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Білім беруді ақпараттандыру орталығы
Авторлық құқықтар © 2011 М-Ж.Көпейұлы сайты