• С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің "Мәшһүртану" ғылыми-практикалық орталығы қызметкерлерінің еңбектері


  • ф.ғ.д., профессор А.Қ. Тұрышевтың жарық көрген еңбектері




  • Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларының орыс тіліндегі таңдамалы жинағы




  • Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларының ағылшын тіліндегі таңдамалы жинағы




  • «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы ислам мәдениеті» 3 том (араб тілінен аударма жасаған кіші ғылыми қызметкер Қ.Қ. Талқанбаева)




  • Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармалар жинағы 1-13 том


Алланың қаһарынан рахматы көп,
Күн бұрын таусылмайық біз уайым жеп.
Жалғанды қызықпенен өткізейік,
Құрайық әрбір түрлі әңгіме кеп.

Біз үшін жаратыпты бұ жалғанды,
Демейді онша жақсы құр қалғанды.
Жаратқан пендесіне тәңірім қорған,
Қылып өт, бозбалалар, ойға алғанды.






Өнерге өзіңді-өзің ерте баулы,
Жастықтың бір күн көшіп кетер ауылы!
Қауіп-қатерсіз, қайғысыз болам десең,
Араз боп еш адаммен болма даулы!
«Қалмасын жерде - десең – айтқан сөзің»,
Өзіңнің өз бойында болсын көзің
«Сөзіммен халқым амал қылсың!» - десең
Амал қыл өз сөзіңмен әуел өзің!






Әр істі ойлау керек әуел бастан,
Не пайда өнері жоқ жігіт жастан.
Мәз болма мұнарланып көрінгенге,
Кісі жер жемісі жоқ тау мен тастан.

Дос қой деп ішкі сырын түгел айтып,
Опық жеп жүрген жан көп аңдамастан.
Бір өрттен қалмайтұғын қалың қаудай,
Баянсыз бақ-дәулетке болма мастан






Нәпсінің кім құтылар хайласынан,
Залалы асып кетер пайдасынан.
«Білімді, зерек адам болам!» - десең,
Қара өзінді басқаның айнасынан!

Егер де ісі жақсы, болса ұнамды,
Талап қып зор жаһатпен бас қадамды!
Айна қыл өзінді – өзің түзетуге –
Бұл жүрген жақсы-жаман көп адамды.






Ғибрат ал-атқан таң мен батқан күннен,
Шықпассын, адам болсаң, айтқан жөннен.
Басыңа қайғы келсе, қапа болма,
Тарылып, назаланып шықпа діннен!

Болмайды: түн – күндізсіз, күндіз – түнсіз,
«Ай кірсіз, - деген сөз бар – Құдай мінсіз!»
Шаттық пенен қапалық кезек нәрсе,
Бірінен соң – бірі бар – артық – кемсіз!






Болдық малай қарынға бір парамыз,
Жан пайдасын білмеген – жүзқарамыз!
Он шынжырмен бір итті байлай алмай,
Өмір бойы әуре боп біз барамыз!

Таң атса, жатамысың ұйықтап бақытым,
Менің де таянған-ды жүрер уақытым!
Қолымда – аттанарда – жоқ нәрсені,
Барғанда Тәңірі алдына қайдан таптым?!






Өтірік өрттей лаулап жанып жатыр,
Ессіз жұрт көбелектей барып жатыр!
Бірін – торғай, біреуін бөдене ғып,
Өзімен-өзін жаулап алып жатыр.

Сеңгір-сеңгір таулар бар, бұлағы жоқ,
Қопалы көл-жекен мен құрағы жоқ.
Өңшең «үрген қарынға» душар болдық:
Зарлап тұрсаң, еститін құлағы жоқ!



Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Білім беруді ақпараттандыру орталығы
Авторлық құқықтар © 2011 М-Ж.Көпейұлы сайты