ӨМІРБАЯН

Мәшһүр Жүсіп Көпеев әкесі Көпейдің 42 жасында, шешесі Ұлбаланың 18 жасында, Баянауылдың Қызылтау деген жерде, қыс түнінде, қыстауда, 1858 жылында, қазақша жыл аты «қой», арабша ай аты «ережеп» деген айда, жұма күні, түс бесін уақытында дүниеге келді. Туғанда азан шақырып койылған есімі - Адам Жүсіп. Кейіннен 9 жасында қисса - дастандарды айтып, ел көзіне түскен кезде жиынды шақырып отырған М. Шорманұлы Адам Жүсіпті ұнатып, тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халқына Мәшһүр болатын бала екен», - деп, лепес қылуымен Мәшһүр Жүсіп атанып кетеді.

1858 жылы қыста Көпей Сермұхаммедұлы керуеншілікте жинаған табысына мал алып, Қызылжардан көшіп келіп, Қызылтауға қоныс тебеді. 1861ж. Адам Жүсіп 3 жасқа толғанда, әкесі Көпейдің малы жұтқа ұшырап, «ақ сирақ» болып шығады. Сонда Көпей Сермұхаммедұлы: «Адамға мал жолдас болмас, ғылым жолдас», - деп , ұлы Адам Жүсіпті оқуға беріп, ол Баянауыл медресесінде Қамар (Хамариддин) хазыреттен білім алып, оқуын жалғастырып, 1872-1874 ж. Бұһарадағы «Көкілташ» медресесінде ортағасырлық араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгереді. Еліне оралған соң екі жылдай (1833-1835жж.) өз ауылында балаларды оқытып табыс табады. Тұрмысы түзелген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1887, 1885, 1907 ж. үш мәрте Түркістан, Ташкент, Бұхара, Самарқанд қалаларына сапар шегіп, шығыстың мұсылмандық білімін молайтады.

Орта Азия қалаларына шеккен сапарларының тағы бір құнды нәтижесі - сол өңірлердегі тарихи әңгіме, аңыз, шежіре сөздерінің жазылып алынуы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өзі дерек жинастыру қызметін ерте кезден бастаған. Ә.Х. Марғұлан хаты бойынша, «Ер Олжабай батыр» жырын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 7 жасар бала кезінде 1865 ж. Сақау ақыннан айтыунан жазып алған. Бұған ұстазы Қамар хазіреттен қисса - дастандары қағаз бетіне көшіріп түсіруі де әсер еткен. 1887 ж. Бұхар сапарының барар жолында Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи, Ташкенттегі Зеңгі Ата кесенелерін көріп, қайтар жолында Шу мен Сырдария, Ұлытау, Кішітауды, Есіл мен Нұраны асықпай аралап сапар шегеді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы патша манифесінің арқасында үш бірдей кітабын ( «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамаша-мыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі?» ) 1907 жылы жарық бетке шығарып үлгерді.

Ғалым бұл мезгілде саяси-қоғамдық өмірмен байланысын үзіп, ақындықпен қош айтысып, «Қазақ түбі» үлгілерін (шамамен XX ғ. 20 жылдары) құрастырып жинақтай бастайды. Саяси күрестің шиеленіскен жағдайда, 1921 ж. ортаншы баласы Әмен Ташкентте қаза болып, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көтерілісші қазақ жастарының тобына кездесіп, солардың ескертуінен соң, Ташкентке бармай орта жолда қайтып оралуға мәжбүр болады.

1931 жылы Мәшһүр Жүсіптің қайтыс болғаны туралы хабар ел арасына жетеді.


Алланың қаһарынан рахматы көп,
Күн бұрын таусылмайық біз уайым жеп.
Жалғанды қызықпенен өткізейік,
Құрайық әрбір түрлі әңгіме кеп.

Біз үшін жаратыпты бұ жалғанды,
Демейді онша жақсы құр қалғанды.
Жаратқан пендесіне тәңірім қорған,
Қылып өт, бозбалалар, ойға алғанды.






Өнерге өзіңді-өзің ерте баулы,
Жастықтың бір күн көшіп кетер ауылы!
Қауіп-қатерсіз, қайғысыз болам десең,
Араз боп еш адаммен болма даулы!
«Қалмасын жерде - десең – айтқан сөзің»,
Өзіңнің өз бойында болсын көзің
«Сөзіммен халқым амал қылсың!» - десең
Амал қыл өз сөзіңмен әуел өзің!






Әр істі ойлау керек әуел бастан,
Не пайда өнері жоқ жігіт жастан.
Мәз болма мұнарланып көрінгенге,
Кісі жер жемісі жоқ тау мен тастан.

Дос қой деп ішкі сырын түгел айтып,
Опық жеп жүрген жан көп аңдамастан.
Бір өрттен қалмайтұғын қалың қаудай,
Баянсыз бақ-дәулетке болма мастан






Нәпсінің кім құтылар хайласынан,
Залалы асып кетер пайдасынан.
«Білімді, зерек адам болам!» - десең,
Қара өзінді басқаның айнасынан!

Егер де ісі жақсы, болса ұнамды,
Талап қып зор жаһатпен бас қадамды!
Айна қыл өзінді – өзің түзетуге –
Бұл жүрген жақсы-жаман көп адамды.






Ғибрат ал-атқан таң мен батқан күннен,
Шықпассын, адам болсаң, айтқан жөннен.
Басыңа қайғы келсе, қапа болма,
Тарылып, назаланып шықпа діннен!

Болмайды: түн – күндізсіз, күндіз – түнсіз,
«Ай кірсіз, - деген сөз бар – Құдай мінсіз!»
Шаттық пенен қапалық кезек нәрсе,
Бірінен соң – бірі бар – артық – кемсіз!






Болдық малай қарынға бір парамыз,
Жан пайдасын білмеген – жүзқарамыз!
Он шынжырмен бір итті байлай алмай,
Өмір бойы әуре боп біз барамыз!

Таң атса, жатамысың ұйықтап бақытым,
Менің де таянған-ды жүрер уақытым!
Қолымда – аттанарда – жоқ нәрсені,
Барғанда Тәңірі алдына қайдан таптым?!






Өтірік өрттей лаулап жанып жатыр,
Ессіз жұрт көбелектей барып жатыр!
Бірін – торғай, біреуін бөдене ғып,
Өзімен-өзін жаулап алып жатыр.

Сеңгір-сеңгір таулар бар, бұлағы жоқ,
Қопалы көл-жекен мен құрағы жоқ.
Өңшең «үрген қарынға» душар болдық:
Зарлап тұрсаң, еститін құлағы жоқ!



Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Білім беруді ақпараттандыру орталығы
Авторлық құқықтар © 2011 М-Ж.Көпейұлы сайты